ҚОШТАСУДЫҢ ҚИЫНЫ-АЙ...1-бөлім. (Болған оқиға) Авторлық құқығым қорғалған, көшіргенде аты-жөнімді өшірмеңіздер ☝ "Қоштасудың қиыны-ай",-деп Мейрамбек шырқағанда ,сол әнді қаншалықты сезіммен толғаныспен айтып тұрғанына мән бермейтінмін. Бірақ, дәл сол жан күйзеліске орта жасқа келгенде түсемін деп ойламаппын. Мен бизнесмен-коммерсант болып, сонау 1993жылдан шапқылап жүрген жанмын. Сауда-саттықтың қыр-сырын жақсы игеріп, жанталасып өз қатарымның алды болып, үлде мен бүлдеге оранып, байыдым. Шалғай ауылда тұрып, өскесін қалаға келіп, қаланың базарының қақ ортасынан өз орнымды алып,(бір емес бірнеше орын), сатырлатып ақша санап, өз кәсібімді дөңгелентіп жүрдім. 90- 92жылдары Самарада әскерде болып, одан келген соң, оқу оқымай осы коммерсант болып кеткем. Өз құрдастарым қатарлы 95жылы ең сулу қызға көп ойланбастан үйленіп алдым. Өмір өз ағымымен жүріп жатты. Сұлуым деп келіншегімді айтам, есімі Сұлу еді, атына заты сай, өте ажарлы, ару болды. Сезім, махаббат демей баршылығымды алдына салдым, ол қарады, сонымен бас қостық. Сұлу бала көтергенге асықпады, маған да сол бала аса қажет те болмады. Ойнадық күлдік, жылдан жылға байығанның үстіне байысақ деп екеуміз жан таластық. Мен шетелден тауар жеткізем, Сұлу сатушыларға үлестіріп, есебін жасап жүреді. Демде он жыл өткенін байқамай қалдық. 2005жылы бізде екі пәтер, бір үйіміз бар, бес сауда орны тауарға толып тұрды. Өзіміз қатарлылардың балалары мектепке барып, екі-үш балалы болып алған. Сұлу екеуміз де бала мәселесін ойлай бастадық. Үш жыл алыстық, түк шықпады, екеуміздің де денсаулығымыз құрыпты. 36 жастан асып барамын, бізге бала уайым болды. Сұлу менен екі жасқа кіші еді, ол да 34ке өткен. Бар байлық түкке керек емес болып қалғандай болды. Ол аздай менің өкпеме құрт түсіпті. Қатты ауырып, алты айға туберкулез ауруханасына түстім. Асқынған ашық формасы екен. Азапты күндерім өтіп жатты. Бәрінен шектетіліп Талғар етегіндегі қорқынышты ауруханада жаттым. Сұлуым басында жиі келіп, жылап еңіреп жүрді. Жалғанда жалғыз менен басқа ешкімі жоқ екенін айтып, жалғызсырап жүргенін айтып егілетін. Сұлу негізі бір үйдің біртал қызы болған, ата-анасы біз үйленген соң естері кетіп ажырасып, әкесі басқа қатынмен, шешесі басқа еркекпен тұрып, аяғы әкесі біраз жыл қаңғып, шешесі онкологиямен ауырып қалып, қайтыс болған, артынан әкесін көлік қағып ол кісіні де жерлегенбіз. Сұлу қатты күйзеліске түсіп, мен оның күйзелісі басылсын деп шет елге жіберіп жүргем. (Сол шет елге барғанының кесірі кейін белгілі болды) Бала туралы ол маған, мен оған айтпайтынбыз. Енді ауруға шырмалып мен жатырмын, бар тындырғаным ақшаның күшімен жеке палатаға орналастым, жан жағым толған асқынған аурулар. Жиі келіп жүрген Сұлуым уақыт өте келмейтін болды. Хабарлассам ауруханадағы аурулардан қорықатынын айтып, түрлі сылтау табатын болды. Мен алты айдың төрт айы ауруханада жатып, екі айын үйде емделем деп,(сол ақшаның күшімен) шығып кеттім. Үйіме келсем Сұлуым жоқ. Хабарлассам телефонын алмайды. Кеш бата ол келді, сәл қызу, көзі жайнап, өте бақытты. Мені көріп тез өзгерді, жыны қайнап, суп-сұр болып, алая қарап: ---Сен ауруханадан неге шықтың? Сен не маған жұққызбақсың ба? Какой кошмар, это ужас, сен бар ғой, сен оңбағансың, сен мені аямайсың. Мне говорили что тубики такие, они хотят что другие тоже болели, они такие, әдейі істейді, әдейі жұққызады, -деп бақырып берді. Мен Сұлуды танымай қарап қалыппын. Ол тез чемоданын шығарып, заттарын жинастыра бастады. ---Сұлу, сен қорықпа, мен қауіпті жұқпалы кезеңнен өтіп кеттім, егер мен сондай қауіпті болсам, маған дәрігер руқсат бермес еді ғой,-деп артынан жүгіріп жүрмін. ---Жолама, сөйлеме, воовше маған қарама, мен не білмейді деп пе едің, сен ақша беріп шықтың. А когда деньги дают им без разницы, ты больной или заражённый. Мен кетем сенің қасыңда қалмаймын, -деп жиналды да кетті. Сағынып келген Сұлуымнан дәл осыны күтпеген мен аңырап тұрып қалдым. Түнімен ой жеп, қысымым көтеріліп, ақыры жедел жәрдем шақырып, қайта өз ауруханама келдім. Дүние төңкеріліп, бәрі құрдымға кеткендей болды. Күннің ыстығына, суығына қарамай жанталасып, жиған дүние байлығымның бір тиын пайдасы жоқ суық болып тұр. Сол байлықты жинаймын деп, өзімнің ауру болғанымды ұқпай қалған сорлы басымды ұрамын. Ашу-ыза, не істерімді білмеймін. Анам, әкем, бауырларым тастамай келіп, жандары қалмай демеу беруде болды. Менің ауруханада жатқаныма бес ай толық болғанда әйелімнен ажырасу қағазы келді, бәрін тең бөліп ажырасып кеттік. Тұрып жатқан үйді сатуға қойып, Сұлу ол үйден керек жиһазын алып бір пәтерге көшті. Мен ауруханадан шыққанда екінші пәтерге бардым. Сауда орындарын да сатып тең бөліп алдық. Арада төрт ай өтті, мен ауруханадан шыққан соң, өз пәтерімде жаттым. Ақшамды бауырларыма беріп, істің мән жайын айтып, олар саудаға кірісіп, маған тиесілі өз ақшамды өткізіп отырды. Сұлу өз бетімен кетті. Жанашыр жақындардың айтуымен мен Бурабайға демалуға келдім. Көңілім құлазулы, өмірге деген еш қызығушылығым жоқ жан болдым да қалдым. 37-ге енді толып, өмірім өксіп кетті. Бурабайдың керемет тау бөктерінде орналасқан сауықтыру орталығында жатырмын. Жеке бөлмемде біраз отырып сыртқа шықтым. Керемет таза ауа өкпеңе тура кіретіндей. Самал жел соғып, бетіңнен сүйіп турғандай. Кең алаң, отырғыштармен қоршалған екен. Әр жерінде адамдар отыр, табиғат керемет. Шет жағында жалғыз отырған келіншекке еріксіз көзім түсті. Ол ойлы көзбен алысқа қарап, жастары ағып, терең күрсініп отыр. Мен жақындап келіп, отырдым. Арық, ақсары, әдемі өңді келіншек екен. Ұзын кірпіктері жасқа шыланып одан ары ұзарғандай, көзінің асты дорбаланып, көкшіл тартып тұр. Жіңішке қастарының ортасына түскен көрінер-көрінбес сызық біресе тереңдеп, біресе жазылғандай. Қап-қара шашы толықтай артқа таралып, өріліп, шүйдесіне түйіліпті. Жеңіл, қоңыр түсті жемпір киіпті. Ақ фудболка, спорттық шалбар, аяғында кроссовка, жіңішке ұзын саусақты қолдарын екі тізесіне қойып, қимылсыз отыр Көзінен аққан жасты сүртпейді. Жіңішке ерні дір-дір етеді. Ойға батқан жанары терең. Мен қасында сәл отырдым да мазасын алмайын деп тұрып бара жатыр едім: ---Кешіріңіз, сіз бірдеңе сұрамақ болдыңыз ба?-деді сондай жағымды жылы дауыспен. Мен жалт қарадым. Келіншек бет орамалмен мұрынын басып орнынан тұрды. ---Сәлеметсіз бе, жоқ сіздің ж... көңіліңіз түсіп отырғанын көріп, өтіп кете алмадым,--дедім . ----Ммм, ештеңе етпес, мен сондай жылауықпын,-деді күліп. Аллай, не деген сулулық, екі беті қызарып, жастан жабысып қалған кірпіктері салбырап, көз тоймайтын нұр берді. Орта бойлы, арық болса да мүсіні өте әдемі екен. ---Анда-санда толып қалған тостағанымды төгіп аламын,-деді, даусы мұңды шықты. ---Төге алған жақсы екен, менікі төгілмей ішімде тұр,--дедім, мен де күрсініп. Бұл шын сөзім еді, кейде менің де өкіріп жылағым келетін, бірақ сол жас шықпайтын. ---Бұл орталықта көбінше жаралы жандар болады, мен бұл жерге келіп жүргеніме, үшінші жыл болды,-деп келіншек жақындай қатарласа келіп, қолымен бір жолды көрсетіп жүрді. Мен ілесіп келем. ---Мен бірінші рет келдім,--дедім. ---Бұл жер жақсы, дәрігерлері мықты, ең бастысы өзіңіз көбірек далада жүріп, мына тамаша ауаны жұтып, қосымша ем жасаңыз,-деді екі қолын екі жаққа жайып, табиғатты көрсетіп. Қарағай толы, иісі бурқырап танауыма келді. Мен келіншекке қарап: ---Танысып қояйық, мен Ахат болам, —дедім. Келіншек күлімдеп қолын созды да: ---Мақпал,-деді. Қолын алдым, аты Мақпал, ал қолы да мақпалдай жұп-жұмсақ екен. Жылы алақанды алақаныммен қыса ұстап тұрып, Мақпалға сүйсіне қарап тұрмын... 1-БӨЛІМНІҢ СОҢЫ (Жалғасын ертең) #уразалиевна_стилист #қоштасу_қиын Авторы: Жеңісгүл Турсунбаева. Телеграмм каналыма толық салынды, каналға қосылу ақылы, бір мәрте мың теңге төлейсіз, сосын әрдайым жаңа туындыларды толық оқып отырасыз ❤ қосылғыларыңыз келсе 87051373305 ватсапқа хабарласыңыздар

Теги других блогов: продвижение SEO Google